Ноябрь, 2018 г.
Келесі жылы 25 жыл толатын Қазақстан Республикасының патенттік жүйесінің жұмыс істеген уақытында патенттік заңнамаға бірнеше рет өзгеріс енгізілді.
2018 жылғы 3 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік cаласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң (бұдан әрі – Өзгерістер туралы заң) күшіне енді. Осы Заңға сәйкес өнертабыстарды, пайдалы модельдерді, өнеркәсіптік үлгілерді патенттеуге қатысты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының Патент Заңына, Салық кодексіне және кейбір басқа нормативтік актілерге де өзгерістер енгізілді.
- Өнертабысқа, пайдалы модельге және өнеркәсіптік үлгіге патент беруге арналған өтінімдерді сараптау рәсімі өзгерді.
Сараптама ұйымы мен уәкілетті органда өтінімдерді сараптамадан өткізудің «екі деңгейлі» рәсімі тек сараптама ұйымындағы «бір деңгейлі» рәсімге ауысты. «Ұлттық зияткерлік меншік институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны» сараптама ұйымы (бұдан әрі – ҰЗМИ) сараптама жүргізгеннен кейін бұрынғыдай қорытынды бермейді, патент беру туралы шешім шығарады.
Сараптама ұйымының қорытындысы негізінде уәкілетті органның (ҚР Әділет министрлігі) шешім шығару кезеңі алып тасталды. Бұл өзгеріс өтінімді қарау рәсімін жеңілдетіп қана қоймай, патент алу барысын жылдамдатуға алып келеді.
Патент бергені үшін алынатын мемлекеттік баж салығының күші жойылғанын атап өткен жөн. Өтініш беруші ҰЗМИ-ге тек патент беруге дайындық пен жариялау рәсіміне ғана ақы төлейді.
ҰЗМИ патент беруден бас тартқан кезде апелляциялық кеңес - ҚР Әділет министрлігінің жанындағы алқалы органға қарсылық білдіруге болады.
Қазіргі уақытта заңға тәуелді акті - Өнеркәсіптік меншік объектілеріне арналған өтінімдерге сараптама жүргізу қағидалары, ҚР Әділет министрінің 2018 жылғы 29 тамыздағы № 1349 бұйрығына 2-қосымша (бұдан әрі –
Сараптама қағидалары) қолданысқа енгізілді. Ол енді өнертабыстарға да, пайдалы модельдерге де және өнеркәсіптік үлгілерге де қатысты болады және өтінімдер беруге, өтінімдердің материалдарын жасауға және ресімдеуге, өтінімдердің сараптамасына, хат алмасуға, өтінімге өзгерістер енгізуге, мерзімдерді ұзартуға, мерзімдерді қалпына келтіруге қатысты ережелерді қамтиды.
- Өнеркәсіптік меншік объектілеріне патент беру рәсімі өзгерді.
ҰЗМИ тиісті мемлекеттік тізілімдерде өнертабыстарды, пайдалы модельдерді және өнеркәсіптік үлгілерді тіркеп қана қоймай, осы өнеркәсіптік меншік объектілеріне патенттер береді, яғни патент беру ҚР Әділет министрлігінің құзыретінен алынып, ҰЗМИ құзыретіне берілді. Сондай-ақ тиісті мемлекеттік тізілімдер ҰЗМИ-дің интернет-ресурсында орналастырып, ҰЗМИ-дің тіркеу туралы мәліметтерді апта сайын бюллетеньде жариялайтыны заңнамалық түрде бекітілді. Осы өзгерістер патент беруді және патент туралы мәліметтерге барынша шұғыл дер кезінде қолжеткізуді қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ Өзгерістер туралы заң патенттердің ажырамас бөлігі болған және патенттерге өзгерістер енгізуге, патенттерді ұзартуға, патенттерге арналған құқықты беруге және т.б. қатысты патенттерге Қосымшалар берудің күшін жойғанын атап өткен жөн. Енді ҰЗМИ аталған әрекеттерді жасау туралы тиісті хабарламаны жіберетін және оларды Өнертабыстардың, пайдалы модельдердің және өнеркәсіптік үлгілердің мемлекеттік тізіліміне енгізетін болады.
- Өнеркәсіптік үлгіге арналған патентті ұсынатын құқықтық қорғау көлемін айқындау өзгерді.
Құқықтық қорғау көлемі енді бұйымның сыртқы түріндегі бейнелерде ұсынылған оның маңызды белгілерімен бірге ғана анықталады. Өнім енді сыртқы түрінің бейнелерінде ұсынылған оның маңызды белгілерінің барлығын қамтыған жағдайда, қорғалатын өнеркәсіптік үлгі болып табылады.
Өнеркәсіптік үлгіні қорғау көлемін анықтау кезінде өнеркәсіптік үлгінің маңызды белгілерінің сөзбен сипатталған тізбесінде келтірілген белгілердің жиынтығы пайдаланылмайтын болды. Қорғау көлемін анықтау және өнеркәсіптік үлгіге арналған патентті бұзу кезінде бейне негізгі құжатты білдіреді.
Тиісінше, өнеркәсіптік үлгіні сипаттаудан өнеркәсіптік үлгінің маңызды белгілерінің тізбесін бөлек баяндап жазу алып тасталды, бұл өнеркәсіптік үлгіге патент беруге арналған өтінімнің материалдарын жасауды жеңілдетеді және өнеркәсіптік үлгінің маңызды белгілерінің сөзбен сипатталатын тізбесін баяндап жазу кезіндегі субъективтілік пен күрделілікті алып тастайды. Өкінішке орай, өнеркәсіптік үлгіге патент беруге арналған өтінімді тапсыру күнін белгілеу үшін өнеркәсіптік үлгінің сипаттамасы құжаттар құрамында қалып қойды, ол Сараптама қағидаларына сәйкес өнеркәсіптік үлгінің баламаларын, өнеркәсіптік үлгінің мағынасын қоса алғанда, бұрын болған бөлімдерді қамтиды. Аталған бөлімдері бар сипаттаманы жасау уақытты талап етеді және өнеркәсіптік үлгіге берілетін өтінімді дайындау және оны беру мерзімдерін ұлғайтады.
- Патенттерге дау айтылуы және оларды жарамсыз деп тану рәсімі өзгерді.
Патенттік заңға сәйкес қорғау құжаты мына жағдайларда:
1) қорғалатын өнеркәсіптік меншік объектісі Патент Заңында белгіленген патентке қабілеттілік талаптарына сәйкес келмеген кезде;
2) өтінімнің алғашқы материалдарында болмаған белгілердің өнертабыс, пайдалы модель формуласында немесе өнеркәсіптік үлгінің жиынтық маңызды белгілерінде болуы кезінде;
3) өтініш беруші Патент Заңының 37-бабының ережелерін бұзған кезде қорғау құжаты берілген жағдайда;
4) қорғау құжатында авторды (авторларды) немесе патент иеленушіні дұрыс көрсетпеген жағдайда дау айтылуы және оны беруге қарсы наразылық бойынша барлық мерзім ішінде толық немесе ішінара жарамсыз деп танылуы мүмкін.
Патенттер бұрын бірінші және екінші негіздер бойынша Әділет министрлігінің апелляциялық кеңесінде таласқа түсетін. Наразылықтарды сотқа дейін қарау міндетті болып табылатын. Өтініш берушілер, сол сияқты патент иеленушілер ретінде шетел азаматтарын Әділет министрлігінде тек патенттік сенім білдірілген тұлғалар ғана көрсете алатын.
Патент Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес Қазақстан Республикасының өнертабыстарға, пайдалы модельдерге және өнеркәсіптік үлгілерге берілетін патенттерін, сондай-ақ өнертабысқа берілетін еуразиялық патентті толық немесе ішінара жарамсыз деп тануды енді тек сотта ғана қарауға болады.
Патенттердің патентке қабілеттілік талаптарына сәйкессіздігі бойынша дау айту және оны тану оңай процесс еместігін атап өткен жөн. Тәжірибе көрсеткендей, негізінен дәрі-дәрмек құралдарына жататын өнертабысқа арналған қазақстандық және еуразиялық патенттер мен оларды алу тәсілдері дау-дамай тудырып отыр. Пайдалы модельдерді даулау да күрделі мәселелердің бірі болып табылады, өйткені Қазақстанда пайдалы модельдердің объектілері қазіргі уақытта затты, құрылғыны, микроағза штамын қоса алғанда, өнім және тәсіл, оған қоса қолдану құралы да болуы мүмкін.
Әрине, аталған негіздер бойынша сотқа істі өткізу жұмыс барысын қиындата түседі. Бұл көптеген судьялардың осындай күрделі мәселелерді қарауға дайын болмауына, шетелдік азаматтарды осы саладағы құзыретті патенттік сенім білдірілген өкілдердің қатар алып жүруінің, мамандар мен сарапшыларды тартудың міндетті еместігіне байланысты туындап отыр. Сотта дауласу процеске қатысатын тұлғалардың шығындарын ұлғайтатыны, көбінесе шетелдік азаматтар болып табылатын жауап берушілерге хабар беруді күрделендіретіні, талап қою арыздарын қарау уақытын созып жіберетіні күмән тудырмайды.
Бұрын Патент Заңының 37-бабының нормасы өтінімді мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтердің болуын тексеру үшін өнеркәсіптік меншік объектісіне арналған өтінім шет елдерге өтінім ҰЗМИ-ге берілгеннен кейін үш ай өткен соң, яғни өтінімді Қазақстан Республикасының экономикасына елеулі түрде әсер етуі мүмкін мемлекеттік құпиялар мен мәліметтердің болуына тексергеннен кейін ғана берілетінін көздейтінін атап өткен жөн. Осы норма бұзылған кезде Қазақстан Республикасы патентінің күші жойылады. Патент Заңының 37-бабының өзгерген нормасы Патенттік кооперация туралы шартқа және Еуразиялық патенттік конвенция сияқты халықаралық шарттарға қайшы келеді және енді оның негізінде патентті даулау мүмкін емес болып жасалған.
- Өнеркәсіптік меншік объектілеріне құқықты ұсыну шарттарына және лицензиялық шарттарға және оларды тіркеуге қатысты нормалар өзгерді.
Ең алдымен, ҰЗМИ бастапқы сараптаманы қамтитын шартқа сараптама және тіркеу туралы қорытынды шығара отырып, мәні бойынша сараптама жүргізген, Әділет министрлігі шартты тіркеу туралы шешім шығарып, шартты тіркейтін және тіркелген шарттардың тізіліміне шарт туралы мәліметтерді енгізетін, ал ҰЗМИ тіркелген шарт туралы мәліметті ресми бюллетеньде жариялап, патентке арналған тиісті қосымшаны шығарған шарттарды тіркеудің «екі деңгейлі» рәсімінің орнына Өзгерістер туралы заң шарттарды тіркеудің «бір деңгейлі» рәсімін енгізгенін атап өткен жөн. Жаңа рәсім кезінде ҰЗМИ өнертабыстардың, пайдалы модельдердің немесе өнеркәсіптік үлгілердің тиісті мемлекеттік тізіліміне шартты тіркейді және шарт туралы мәліметті ресми бюллетеньде жариялайды, яғни шартты тіркеудің барлық рәсімі енді ҰЗМИ-де өтеді. Сондай-ақ ҰЗМИ-дің шарттарға сараптама жүргізуі және Әділет министрлігінің тіркелген шарттардың тізілімін жасау рәсімі алып тасталды.
Патент Заңында айқындалған шарттарды тіркеу мерзімі шартты тіркеу туралы өтінішті алған күннен бастап 10 жұмыс күніне дейін едәуір қысқартылды. Бұрын «екі деңгейлі» рәсім бойынша шарттарды тіркеудің заңнамалық түрде белгіленген мерзімі 47 жұмыс күнін құрайтын еді.
Патент Заңында заңға тәуелді акті көзделген және ол қолданысқа енгізілді: Қазақстан Республикасының Әділет министрінің 2018 жылғы 29 тамыздағы №1347 бұйрығымен бекітілген «Өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқық беруді, оны пайдалануға, ашық немесе мәжбүрлі лицензияға құқықты табыстауды тиісті мемлекеттік тізілімдерде тіркеу қағидалары» (бұдан әрі – Қағидалар). Патент Заңының бұрынғы редакциясы бойынша заңға тәуелді акті мүлдем көзделмейтін және тікелей Патент Заңында шартты тіркеу үшін ұсынылатын құжаттар, атап айтқанда қазақ және орыс тілдеріндегі өтініш, титулдық бетпен немесе нотариат куәландырған көшірмемен жабдықталған, мәні өнеркәсіптік меншіктің біртекті объектілері болып табылатын шарттың аталған екі тілдегі төрт данасы жан-жақты сипатталатын. Қазір Қағидаларда тіркеуге арналған құжаттардың мынадай құрамы көзделеді: өтініш 1 тілде (орыс немесе қазақ тілінде); шарттың түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі 1 тілде (қазақ немесе орыс тілінде) 1 данада; тіркеу үшін ҰЗМИ қызметтеріне ақы төленгені туралы құжат.
Өзгерістер туралы заңда шартты тіркегені үшін мемлекеттік баж салығын төлеу алып тасталды.
Көптеген өзгерістер лицензиялық шарттарға қатысты болды.
Лицензиялардың екі түрінің анықтамасы нақтыланды. Лицензиялық шарт лицензиардың лицензиатқа өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалану құқығын беруді мына жағдайларда:
- лицензиардың оны пайдалану мүмкіндігін сақтай отырып, бірақ лицензияны басқа адамдарға беру құқығынсыз (жалғыз лицензия);
- лицензиардың оны пайдалану мүмкіндігін сақтамайды, бірақ лицензияны басқа адамдарға беру құқығынсыз (айырықша лицензия) көздеуі мүмкін.
Яғни «толық лицензия» енді «айырықша лицензияға», ал «айырықша лицензия» «жалғыз лицензияға» айналды.
Лицензиялық шарттар мен қосалқы лицензиялық шарттарды тіркегеннен бөлек кешенді лицензия шарттарын тіркеу және лицензиялық шарттың талаптарын қамтитын өзге де шартты тіркеу көзделген.
Біздің ойымызша, аталған өзге шартты тіркеу лицензиялық шарттан алынатын үзінділерді тіркеу мүмкіндігін білдіреді.
Лицензиялық шартты тіркеу үшін беруге арналған алты айлық шектеу алынып тасталды.
Лицензияның қолданылу мерзімі заңнамалық түрде анықталды және егер шартта ол көрсетілмесе, онда ол әдеттегі тәртіп бойынша 5 жылға тең мерзімге белгіленеді.
Жоғарыда келтірілген ережелер көрсеткендей, шарттарды тіркеу рәсіміне қатысты өзгерістер негізінен жағымды сипатқа ие.
- ҰЗМИ мен ҚР Әділет министрлігінің құзыреті нақтыланды.
Олардың құзыретінен мыналар алып тасталды:
- өнертабыстарға, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге қорғау құжаттарын (патенттерді) беру;
- өнеркәсіптік меншік объектілерін пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың қызметін бақылау;
- әкімшілік құқық бұзушылық, әкімшілік өндіріп алу туралы істерді қарау және хаттамалар жасау.
Патент Заңында қазіргі уақытта ҚР Әділет министрлігі бекітіп қана қоймай, сол сияқты әзірлейтін заңға тәуелді нормативтік актілер берілген. Қазіргі кезде олардың көпшілігі қабылданып, қолданысқа енгізілді.
ҰЗМИ құзыретіне қатысты ең алдымен өзгерген Патент Заңында оның қызметі Патент Заңының бұрынғы редакциясына қарағанда «монополиялық» деп айқындалған болатын. Алайда, іс жүзінде Қазақстандағы ҰЗМИ-дің монополиялық қызметі сақталады және ең болмаса оның қызметінің негізгі түрлерінің бір бөлігі үшін және өнертабыстарға, пайдалы модельдерге және өнеркәсіптік үлгілерге арналған өтінімдердің конфиденциалдылығынан патенттер туралы мәліметтерді жариялағанға дейінгі талаптарды ескере отырып, өзгермейді деп ниеттенеміз. Патенттерге қатысты ҰЗМИ функцияларының тізбесі толығырақ берілмеген және оны жан-жақты деп айта алмаймыз.
Патент Заңында ҰЗМИ ҚР Әділет министрлігімен келісім бойынша осы ҰЗМИ көрсеткен қызметке жұмсаған шығындарды толық өтеуді қамтамасыз ету, оның қызметінің шығынсыздығы және меншікті кірістер есебінен қаржыландыру талаптары кезінде өнеркәсіптік меншік объектілерін қорғау саласында қызметтердің бағасын белгілейтіні де заңнамалық түрде бекітілген. Бұрын бағаларды ҚР Әділет министрлігі ҚР монополияға қарсы органмен келісім бойынша белгілейтін.
Өзгерістер туралы заң қолданысқа енгізілгеннен бастап зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмысы тоқтатылмайды және біз осы бағытта барлық мүдделі тұлғалармен ынтымақтастықта қарым-қатынас жасаймыз деп ойлаймыз.
Біз патенттік заңнамадағы жаңа өзгерістер жөніндегі барынша толық ақпарат пен түсіндірулерді беруге де дайынбыз.
Дереккөзі:«Заңгер» журналы, №11, (208) 2018